Қытайда желден қуат алатын алғашқы суасты деректер орталығы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Шанхай қаласында теңіз жел электр стансаларының энергиясымен жұмыс істейтін әлемдегі алғашқы суасты деректер орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform TV BRICS агенттігіне сілтеме жасап.

суасты деректер орталығы
Фото: TV BRICS

Дереккөздің мәліметінше, бұл бірегей жоба экологиялық таза әрі энергиясы тиімді цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Линьган әкімшілігі өкілдерінің хабарлауынша, деректер орталығының қуаты 24 мегаватты құрайды. Жобаны іске асыруға 1,6 миллиард юань (шамамен 225 миллион АҚШ доллары) инвестиция салынған.

Жаңа технологияның басты артықшылығы — ресурстарды айтарлықтай үнемдеуінде. Тұтынылатын электр энергиясының 95 пайыздан астамы теңіз желінен алынады. Дәстүрлі деректер орталықтарымен салыстырғанда, жаңа нысан жалпы энергия тұтынуды 22,8 пайызға төмендетеді. Сонымен қатар жобада салқындату үшін су пайдаланылмайды және құрлықтағы алаңды 90 пайыздан астам қысқартуға мүмкіндік берілген.

Мамандардың айтуынша, Шанхайдағы бұл жоба теңіз жел электр стансалары секілді жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы деректерді өңдеу орталықтарын дамыту бағытындағы маңызды қадам болып саналады. Бұл бастама есептеу үдерістерінің энергия тиімділігін арттырып, экологиялық тұрақтылығын күшейтеді.

Айта кетейік, Қытай жеке деректерді шетелге тасымалдау үшін жаңа сертификаттау ережелерін енгізді.

Соңғы жаңалықтар