Қытайда зілзала құрбандарының саны 95-ке жетті
АСТАНА.KAZINFORM - Қытайдың Орталық телеарнасы (CCTV) Сицзан (Тибет) автономиялық ауданының Шигацзе қаласындағы жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 95-ке жеткенін хабарлады.

Шигацзе қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша 7 қаңтар күні сағат 17:00-ге дейін зілзала салдарынан 95 адам көз жұмып, 130 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған.
CCTV-дің айтуынша, апатты аймақта сағат 17:00-ге дейін магнитудасы 3,0 және одан жоғары 19 мәрте жер дүмпуі тіркелді. Оның ішінде 4,0 - 4,9 балдық жер сілкінісі 3 рет, 3,0–3,9 балдық жер сілкіністері 16 рет қайталанды. Ең күшті афтершок жергілікті уақыт бойынша сағат 9:24-те Динжи уезінде тіркелген (магнитудасы 4,4 бал). Бұл дүмпу сілкіністің негізгі ошағынан шамамен 18 шақырым қашықтықта болды.
Бұған дейін Қытайдың Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласындағы Динжи уезінде магнитудасы 6,8 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлаған едік.
Қытайдың сейсмологиялық желі орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы солтүстік ендіктің 28,50 градусы мен шығыс бойлықтың 87,45 градусының координатасында орналасқан. Гипоцентр 10 км тереңдікте.