18:57, 28 Желтоқсан 2025 | GMT +5
Қытайдағы турнир: Рыбакинаның аралас сында да мерейі үстем болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Шэньчжэнь қаласында World Tennis Continental Cup көрме турнирін жеңіспен түйіндеді.
Қазақстандық теннисші ресейлік Андрей Рублевпен бірге аралас сында монаколық Валентен Вашеро – Польша өкілі Ига Швентекпен ойнады. Екі сет те 6:4 есебімен аяқталып, жеңіс қазақстандық-ресейлік жұптың еншісіне жазылды.
Бұл – Рыбакинаның биылғы жылдағы соңғы матчы. Енді ол Аустралияда 4-11 қаңтар аралығында өтетін Брисбен WTA 500 турнирінде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Асылжан Арыстанбекованың Түркиядағы жарыстың жартылай финалында ойнайтынын жазған едік. Сондай-ақ Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде Олимпиада чемпионын қапы қалдырды.