Қытайдағы жер сілкінісінен 126 адам қаза тауып, 188 адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM - Сицзан автономиялық ауданындағы (Қытайдың оңтүстік-батысында) Шигацзе қаласында болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артып жатыр, деп хабарлайды Kazinform Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Сейсенбі күні Сицзан автономиялық ауданы (САР, Қытайдың оңтүстік-батысы) Шигацзе қаласындағы Динжи (Тингри) уезінде болған 6,8 балдық жер сілкінісінен сағат 19:00-дегі жағдай бойынша 126 адам қаза тауып, 188 адам жарақат алды.
Жер сілкінісінен кейін Джомолунгма тауының туристік аймағы уақытша жабылды.
Қытайда зілзала құрбандарының саны 95-ке жеткенін жазған болатынбыз.
Бұған дейін Қытайдың Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласындағы Динжи уезінде магнитудасы 6,8 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлаған едік.
Қытайдың сейсмологиялық желі орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы солтүстік ендіктің 28,50 градусы мен шығыс бойлықтың 87,45 градусының координатасында орналасқан. Гипоцентр 10 км тереңдікте.
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының төрағасына көңіл айту жеделхатын жолдады.