Қытайдан Қазақстанға келген туристер саны 78% көбейген
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы Қытайдан Қазақстанға 655 мың турист келген. Бұған визасыз режимнің енгізілуі және әуе рейстерінің артуы себеп болды. Екі ел арасындағы туристік байланыстар туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтып берді.

2024 жылдың көктемінде Бейжіңде «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» салтанатты түрде ашылды. Бұл жай ғана символдық шара емес, Қытай аудиториясы арасында Қазақстан туризмін кең көлемде ілгерілетуге бағытталған ауқымды жұмыстың бастамасы болды.
Қазақстанды қытайлық саяхатшыларға жақынырақ таныстыру мақсатында 37 түрлі іс-шара ұйымдастырылған.
− Нәтиже көп күттірмеді және туристер ағыны бірнеше есеге артты. Өткен жылы Қытайдан келген туристер саны 655 мыңға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 78%-ға өсті. Бұған визасыз режимнің енгізілуі және әуе рейстерінің артуы себеп болды. Биыл Гуанчжоу — Алматы, Чэнду — Алматы, Шанхай — Алматы, Шанхай — Шымкент, сондай-ақ Сиань — Шымкент бағыттарына жаңа әуе маршруттары ашылып жатыр, − деді вице-министр Назарбаев университетінде «Қола мен Алтын адам — Қытай-Қазақстанның мәдени байланысы» форумында.
Ал 29 мамырда «Сиань — Алматы» бағытындағы алғашқы туристік пойыз жолға шықты. Бұл бастама екінші «Орталық Азия — Қытай» саммитімен тұспа-тұс келіп, екі ел арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталды.
− Аталған шаралардың барлығы Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ағымды одан әрі арттыруға ықпал етіп отыр. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Қытайдан шамамен 280 мың турист келген, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42%-ға артық. Бір апта бұрын Қазақстанда Қытай туризмі жылының ресми ашылуын өткіздік. Ал бүгінгі шара екі ел қарым-қатынасының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді, − деді Е. Еркінбаев.
Айта кетейік, Қытайдың Баоцзи қаласы Қазақстанмен үш бағытта ынтымақтастықты арттыруға ниетті.