Қытайдың ғарыш аппараты жұлдызаралық объектіні алғаш рет жақыннан бақылады
АСТАНА. KAZINFORM — 2022 жылдың 1 қаңтарында Қытай ұлттық ғарыш басқармасы (CNSA) жариялаған фотода «Тяньвэнь-1» орбиталық аппараты мен Марс бейнеленген, деп жазды Синьхуа агенттігі.
Марсты зерттеуге арналған Қытайдың «Тяньвэнь-1» миссиясының орбиталық аппараты жоғары айқынды камерасының көмегімен 3I/ATLAS деп белгіленген жұлдызаралық нысанды сәтті бақылап шықты. Бұл туралы Қытай ұлттық ғарыш басқармасы (CNSA) мәлімдеген.
Бақылау кезінде ғарыш аппараты 3I/ATLAS-тан шамамен 30 миллион километр қашықтықта орналасқан. Осылайша ол аталған жұлдызаралық нысанды бақылай алған ең жақын зондтардың бірі болды.
Жердегі талдау жүйесі өңдеп шығарған мәліметтерден кометаның айқын ерекшеліктері көрініс тапты. Зерттеушілер 30 секунд ішінде түсірілген бірқатар суреттерден анимация жасап, жұлдызаралық кеңістіктегі нысанның қозғалысын көрсетті. Бұл бақылаулар енді 3I/ATLAS нысанын әрі қарай ғылыми тұрғыдан зерттеуге пайдаланылмақ.
Осы сәтті бақылау — «Тяньвэнь-1» аппаратының кеңейтілген миссиясы аясындағы маңызды жетістік болып саналады. Мұндай әлсіз жарық шығаратын аспан нысанын анықтау — Қытайдың «Тяньвэнь-2» миссиясы үшін құнды техникалық сынақ болды. «Тяньвэнь-2» 2025 жылдың мамыр айында ұшырылып, Жерге жақын астероидтан үлгі жинап, басты белдеудегі кометаны зерттеуді мақсат еткен, деп хабарлады CNSA.
Айта кетейік, бұған дейін Қытай ғарыш станциясында «Шэньчжоу-21» басқарылатын ғарыш кемесімен жеткізілген ыстық ауа пеші алғаш рет іске қосылған болатын. Онда қытай ғарышкерлері ғарышта жаңа дайындалған тауық қанаттары мен стейкті дәм татып жатқан сәттер көрсетілген.