Қытаймен арадағы бейтарап аумақта халық малын жайылымға шығара береді - АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов елдің шекаралас аудандарындағы жайылым меселесіне қатысты түсінік берді.
Бүгін Үкімет отырысынан кейін баспасөз мәслихатында тілшілер Қытаймен шекаралас аудандарда тұратын халықты мазалаған сұрақты қойды. - Олар бұрын бейтарап аймақта малын емін-еркін жайып келген. Алайда 2026 жылдан бастап малды бейтарап аймақта жаюға болмайтыны жайында ескерту жасалыпты. Бұған не себеп болды?, - деп сұрады журналистер.
Өз кезегінде А. Сұлтанов шекаралас аудандардағы тұрғындар малын бейтарап аумақтарға жая алатынын айтты.
- Бұл мәселені жер комиссиясында да, Үкіметтегі жиындарда да, депутаттармен де бірнеше рет қарастырдық. Жалпы, қазіргі кезде ешқандай шектеу жоқ, - деді вице-министр.
Дегенмен, заңнамаға сәйкес аталған аумақта құрылысқа тыйым салынған.
- Осы жерлерге мал шығаруға немесе шөбін шабуға болады, бірақ егін егуге болмайды, - деді Азат Сұлтанов.
Еске салсақ, жақында сенатор Сәкен Арубаев депутаттық сауалында бірқатар өңірде жайылым әлі де тапшы болып отырғанын мәселе етіп көтерді.