«Қыздар.нет» ісі бойынша тағы бір күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында интернет арқылы делдалдық қызмет көрсеткен «Қыздар.нет» сайтының жұмысын ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға қатысты тергеу жүріп жатыр.
СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шілде айында Грузияда Өзбекстанның 36 жастағы азаматы ұсталды. Ол осы қылмыстық іске байланысты мемлекетаралық іздеуде жүрген. Күдікті Түркияға өтіп кетуге әрекеттенген жерінен қолға түсті.
Жуырда оны Қазақстанның құқық қорғау органдарына беру рәсімі аяқталды. Күдікті Қазақстанға жеткізілді. Оны тергеу амалдарын жүргізу мақсатында СҚО-ға әкелу жоспарланып отыр. Трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысты тергеу осы өңірде басталған.
СҚО полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, күдікті интим қызмет көрсететін әйелдердің анкеталарын сайтқа орналастырғаны үшін ақы алды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ақшаны дропперлердің қызметін пайдалана отырып, сайт ұйымдастырушыларына аударып отырған. Тергеу аяқталған жоқ.
Еске салайық, Алматы прокуратурасының үйлестіруімен «Kizdar.net» интернет-ресурсын ұйымдастырушылардың заңсыз қызметі тоқтатылғанын жазған едік.
Шілде айында Петропавлда «Қыздар.нет» ісі бойынша алғашқы үкім шықты.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу бөлімшелерінің мамандары соңғы жылдары тыйым салынған веб-ресурстың қызметіне байланысты жеңгетайлық дерегі бойынша 5 қылмыстық істі сотқа жолдаған.