Қызылорда облысы халқының 16,4%-ы МӘМС аясында сақтандырылмаған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында 684 мыңнан астам адам, яғни аймақ халқының 83,6%-ы сақтандырылған. 

Қызылорда облысы халқының 16,4%-ы МӘМС аясында сақтандырылмаған
Фото: total.kz

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметінше, 134,5 мыңға жуық адам мұндай мәртебе алмаған. Бұл – облыс халқының 16,4%-ы.

Мемлекет басшысының әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдарды жергілікті бюджет есебінен төлеу туралы тапсырмасына сәйкес сақтандыру саласындағы заң талаптарына өзгерістер енгізілді. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарға жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейді. 

– Аталған шара Қызылорда облысында сақтандырылмаған азаматтар санын азайтуға ықпал етеді. Сақтандырылмаған азаматтардың 4 823-і әлеуметтік осал топқа жатады. Осы іс- шаралар нәтижесінде келесі жылы республика бойынша шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ, - деді филиал директоры Жақсылық Әбдусәметов. 

Қызылорда облысы халқының 16,4%-ы МӘМС аясында сақтандырылмаған
Фото: Әлеуметтік сақтандыру қорының Қызылорда облыстық филиалы

Тағы бір жаңалық, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. 

– Бұл халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді іс-шаралар қабылдауға ынталы болады, - деді филиал басшысы. 

Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін МӘМС есебінен жүргізілетін ең күрделі әрі қымбат он операцияны атап өтті.

Соңғы жаңалықтар