Қызылорда облысында 10-15 мың гектарға жүгері егіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық диқандар сәуір айының үшінші онкүндігінде күріш егуге кіріседі. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мәлімдеді.

Қызылорда облысында 10-15 мың гектарға жүгері егіледі
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Биыл көктемгі егіс үшін 20,4 мың тонна күріш тұқымы құйылды. Сыр салысынан басқа 1570,9 тонна дәнді, 170,4 тонна майлы, 289 тонна мал азығы түріндегі дақылдардың тұқымы дайындалды. Егіс басталғанша тұқым сапасы себу дәрежесіне жеткізіледі.

— Биыл 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Негізгі дақыл — күріштің көлемі 10,9 мың гектарға қысқарып, 70 мың гектарға орналастырылады. Қысқарған күріштің орнына жүгері дақылының егіс көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес биыл жүгері дақылының егіс көлемін 10-15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Сәуір айында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында су лимиті бекітілгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланады, — деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу үшін 2026 жылға 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Мемлекеттік қолдау есебінен мұндай технология пайдаланылатын аумақ 16 мың 700 гектарға ұлғаймақ.

— Су үнемдеу бағытында биылдан бастап Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында 6 инвестициялық жоба іске асырылады. Өткен жылы диқандар күріштің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізсе, биыл бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізу жоспарланған, — деді басқарма басшысы.

Еске салайық, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және оларды терең өңдеуге бағытталған ірі аграрлы жоба жүзеге асырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум