Қызылорда облысында 143 адам гонконг тұмауымен ауырған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 2025-2026 жылғы жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Қызылорда облысында жедел респираторлы вирусты инфекция жұқтырудың 38411 жағдайы есепке алынды. Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен хабарлады.

г
Фото: freepik

Ауырғандардың 70%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 4%-ы ауруханаға жатқызылған.

- 487 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексеріліп, нәтижесінде зертханалық жолмен A типті (H3N2) 143 тұмау ауруы нақтыланды. Республика аумағында, сондай-ақ облыста тіркелген А типті (H3N2) Гонконг тұмауы жаңа вирус емес. Маусымдық тұмаудың бұрыннан белгілі түрі және жыл сайын кездеседі. Дегенмен, ол халықтың әлсіз топтары үшін қауіпті. Адамдар арасында тез таралып, ауыр түрде өтеді, - деді департамент басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ұзақбаев.

Ұзақбаев
Фото: Қызылорда облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Сынама зерттеу нәтижесінде ЖРВИ-дің тұмау санатына жатпайтын аденовирус, риновирус сияқты 8 түрі анықталды. Дәрігерлер тұмау өршіп тұрған уақытта халықты мүмкіндігінше халық көп жиналатын орындарға бармауға, желдетілуі төмен орындарға барғанда бетперде тағуға, ауырған адамдармен қарым-қатынасты шектеуді, сондай-ақ жеке бас гигиенасын сақтап, антисептиктер пайдалануға кеңес берді. Респираторлық аурудың белгілері байқалған бойда өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге баруға шақырды.

- Аурудың алдын алудың басты жолы – вакцинация. Осы эпидмаусым үшін 85 мың дозадан астам вакцина сатып алынды. Бүгінгі күні 84 мыңға жуық адамға екпе салынды, соның 23,5 мыңға жуығы – балалар. Жұмыс берушілер 2 мың доза вакцина сатып алып, 1,5 мыңнан астам адам екпе қабылдады, - деді Ерлан Ұзақбаев.

Осылайша облыс тұрғындарының 9,9%-ы тұмауға қарсы вакцина қабылдады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жалпы тұрғынның 10%-ы екпе алған жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасатынын алға тартып отыр.

Айта кетейік, ЖРВИ-дің көбеюіне байланысты облыста жедел жәрдем көлігінің кешігу жағдайлары жиілегенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар