Қызылорда облысында 2 елді мекеннің әкімдері сайланды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы 2 елді мекенде өткен әкім сайлауының қорытындысын жариялады. 

әкім сайлауы
Фото: Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы

Қармақшы ауданының Төретам кентінде 6354 адам сайлаушылар тізіміне енгізілсе, соның 3229-ы дауыс беруге қатысқан. Есептен шығару куәліктері бойынша дауыс бергендер жоқ. 34 адам дауыс беру жайынан тыс жерде дауыс берді. Ал 21 бюллетень жарамсыз деп танылды.

— Кент әкімі болуға кандидат ретінде 3 адам тіркеліп, бюллетеньге енгізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Нұрлыбек Сайымов Төретам кентінің әкімі болып сайланды. Ол 1986 жылы туған, Қармақшы аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы. Өзін-өзі ұсынған, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ 19 қазан күні Арал ауданының Жетес би ауылдық округі әкімінің сайлауы өткізілді. Мұнда да 3 кандидат дауысқа түскен. Сайлаушылар тізіміне енген 334 адамның 284-і азаматтық таңдауын жасады. Дауыс беру нәтижесінде Дайрабай Жалғасбаев өзге үміткерлерден басым түсті. 1965 жылы туған жеке кәсіпкер, Арал аудандық мәслихатының депутаты. Оны «AMANAT» партиясы ұсынған.

Аталған елді мекендерде соңғы рет әкім сайлауы 2021 жылы 4 қарашада өткен

Бұған дейін біз Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімінің сайлауы өткенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар