Қызылорда облысында 29 елді мекенді су басуы мүмкін

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сырдария өзенінің Қызылорда облысының аумағында су басу қаупі жоғары 29 елді мекен бар.

бқо
Фото: Б. Спанов

Қазір Қызылорда қаласы аумағында өзен мұздан толық тазарған. Қыс бойы қатып қалған ақырындап төменгі бөлікке қозғалғаны байқалып отыр. 

— Сеңнің жүруі облыс орталығынан өтіп кетті. Қазір қорғаныс бөгеттері қалыпты жағдайда тұр, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бейбітхан Спанов.

Ал солтүстік аудандарда мұздың ұстасуы әлі де байқалады. Мұздың қалыңдығы — 20-40 сантиметр. Облыста су басу қаупі жоғары 29 елді мекен бар. Онда тұратын халық саны 70 мың адамға жуық.

— Дария бойында 61 эвакуациялық жинақтау, 71 эвакуациялық қабылдау пункті орналасқан. Сондай-ақ 22 уақытша орналастыру, 13 жылыту пункті жұмыс жасайды. Департаменттен 128 жеке құрам, арнайы мақсаттағы 25 техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа әзірлікке келтірілді, — деді Б.Спанов.

Облыс орталығы тұсында бес учаске қауіпті деп танылған. Мамандар аталған аумақтарды тәулік бойына бақылауға алып отыр. 

Мамандардың сөзінше, Қызылорда қаласының тұсынан 22-28 ақпан аралығында сең жүрсе, наурыздың алғашқы жартысында ол Қазалы, Арал ауданына жетеді деген болжам бар.

Еске салсақ, бұдан бұрын құрылысы 5 жыл бұрын тоқтап қалған Қызылорда су торабы пайдалануға берілгенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар