Қызылорда облысында 4 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды

Қызылорда облысында 4 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды
Фото: Kazinform

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың 4 дерегі анықталды. Былтыр науқастар саны 118 адам болған. 

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 2022 жылмен салыстырғанда 55 есе төмендеген.

«2023 жылы облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 118 дерегі анықталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі 47 дерек. Басым бөлігі ауру симптомымен нақтыланды. Биыл жыл басынан бері аталған ауруға шалдығудың 4 жағдайы тіркелді», - деді Қызылорда облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Мамандар вирустың таралуын болдырмау және жұқтыру қаупін төмендетудің ең жақсы тәсілі ретінде адамдарға ауру туралы және оның қоздырғышының таралу механизмдері туралы хабардар ету екенін айтады.

«Сондықтан өзіңізді және басқа адамдарды инфекциядан қорғау үшін сақтық шараларына назар аударуды сұраймыз. Мәселен, азаматтар қол жуу гигиенасын сақтау, жиі сабындап жуып, залалсыздандыру антисептиктер қолдану, түшкіру, жөтелу гигиенасын сақтау, адамдар көп жиналатын орындарға баруды мейлінше шектеу, әлеуметтік арақашықтық сақтау қажет. Сондай-ақ нашар желдетілетін орындарда бетперде пайдалану, инфекцияға қарсы вакциналаудан уақытылы өту, дәрігерлерлердің нұсқауын орындау, вирус жұқтырған адамдарға күтім жасағанда санитариялық-эпидемиологиялық шараларды орындау артық емес», - деді Ә.Әбдіқайымова.

Еске салсақ, Қызылорда облысында биыл қызылша жұқтырудың 30 дерегі анықталды.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram