Қызылорда облысында биыл қызылша жұқтырудың 30 дерегі анықталды
Қызылорда облысында жыл басынан бері қызылша жұқтырудың 30 дерегі анықталды. Былтыр олардың саны 1682 адамды құраған еді, деп хабарлайды Kazinform.
Қызылорда облысында қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанып келеді. 2023 жылдың қараша айында ауруға шалдығудың 501 дерегі тіркелген болса, желтоқсан айында 474 жағдай анықталды.
Төмендеу тенденциясы байқалуынан қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқанының тиімділігін көруге болады. Өткен жылдың 6 қарашасынан басталған аталған шара барысында 60 мыңға жуық адам ауруға қарсы екпе алды. Нәтижесінде тұрғындар арасында ұжымдық иммунитет қалыптасып отыр.
«Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылып, қорғаныш қабілетін нығайту керек. Қазір аймақтағы барлық емханада қызылшаға қарсы қосымша иммундау жалғасуда. Біз ата-аналарды 6-11 айлық сәбилерін, 2-5 жас аралығындағы балаларын ауруға қарсы егуге шақырамыз. Одан бөлек, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір бала 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцина алуы қажет», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Ведомство мәліметінше, былтыр барлығы 1682 қызылша жұқтыру дерегі анықталды. Ал жаңа 2024 жылы 30 дерек анықталды. Эпидемиологиялық мониторинг қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандығын көрсетіп отыр.