Қызылорда облысында 432 өрт оқиғасы тіркелді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жыл басынан бері 432 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңіндегі көрсеткіштен 9,1% көп.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өрт салдарынан 6 адам көз жұмып, 10 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды.
— Жылу беру маусымы басталғалы, яғни 1 қазаннан бері тұрғын секторларда 34 өрт оқиғасы болды. Өткен жылмен салыстырғанда 27,6% қысқарған. Өрттен 1 адам қаза тапты, былтырғыдан 2 есе аз. Жуырда Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылындағы барақ типті жеке тұрғын үйдің жатын бөлмесі отқа оранды. Оқиға орнынан үй иесінің мәйіті табылды. Өрт өздіген өшкен. Біздің болжамымызша, ол өшпеген темекінің тұқылынан күш алған. Сараптама тағайындалды, — деді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Арман Дастенов.
Құтқарушылардың айтуынша, тілсіз жаудың көпшілігі тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан тұтанады. Оның ішінде тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеу, электр желілерінің қысқаша тұйықталуы сияқты себептер бар.
Абырой болғанда, биыл газдан улану және өрттен жарақат алу жағдайлары тіркелген жоқ.
Жуырда ел өңірлерінде қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесінің әзірлігін арттыруға бағытталған «Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті.