Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі тұрақты өткізіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында тұрақтандыру қоры арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты өткізіліп келеді.

Астанада демалыс күндері өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің орны ауысады
Фото: Астана әкімдігі

Оған қоса өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында тауар интервенциясын жүргізу мен айналым схемасы шеңберінде кәсіпкерлерге қарыз беру жолға қойылған.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 1 346,4 тонна өнім қоры бар. Атап айтқанда, онда 29,9 тонна қарақұмық жармасы, 53,8 тонна картоп, 20 тонна пияз, 43,0 тонна рожки, 1,5 тонна күнбағыс майы, 476,4 тонна ұн, 3,2 тонна тауық еті, 511,3 тонна күріш, 191,9 тонна қант, 15,6 тонна тұз жинақталған. Сондай-ақ облысқа 1 359,8 мың дана тауық жұмыртқасы жеткізілді.

«Биыл маусым-тамыз айларында тұрақтандыру қорына 60 тонна картоп, 40 тонна пияз, 10 тонна қырыққабат сатып алынған. 2024 жылғы күзгі түсімнің көкөніс өнімдерін өндіру және 2025 жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қала халқының 3 айлық қажеттілігінің 30% жуық көлемінде, яғни 4 942 тонна көкөніс алу үшін келісімшарт жасалды. Ал айналым схемасы аясында 14 кәсіпкерлік субъектілердің 4695,4 тонна өніммен қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме белгіленді», - деп мәлім етті облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасынан.

Аймақта әлеуметтік нан бағасын реттеу мақсатында 2023 жылы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның астық ресурстарынан 3631,8 тонна астық бөлінген. Одан өнделген 2579 тонна ұн облысқа жеткізілді. Қазір одан 17,5 тонна ұн қоры қалып отыр.

«2023 жылы коммерциялық негізде «Қазақ ұны» ЖШС-мен жасалған келісімшартқа сәйкес сатып алынған ұнның бүгінде 458,9 тоннасы қалған. Жалпы бүгінде 476,4 тонна ұн қоры бар. Осы жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-нан субсидияланатын 4 897,2 тонна астық бөлу жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Жаңа ұн көлемдері келгенге дейін Түркістан облысының ұн өндіруші кәсіпорынымен 350 тонна бірінші сортты ұнын сатып алу жұмыстары жүргізілді», - деп толықтырды басқармадан.

Айта кетсек, тұрақтандыру қоры бойынша Ақтөбеде үш шаруаның өніміне басымдық берілді. Еске салсақ, Павлодар облысы кейбір азық-түліктің арзандығы бойынша еліміздегі бестікке кіреді.