Қызылорда облысында ауылға барған 10 дәрігер 8,5 млн теңгеден алды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында 3 мыңға жуық дәрігер және 11 мыңға жуық орта буынды маман қызмет етеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы кадр тапшылығы жергілікті бюджет қаражаты есебінен біртіндеп шешіліп келе жатқанын алға тартты. 2020 жылы сұранысқа ие медицина қызметкерлеріне бірмезеттік әлеуметтік көтерме ақы беріле бастады. 2020-2023 жылдар аралығында 99 жас маман 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірмезеттік көтерме ақы алды. Өткен жылы кемінде 5 жыл мерзімге ауылға жұмыс істеуге барған 4 медицина қызметкеріне 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді.
- Қызылорда облысында 93 дәрігер жетіспейді. Тапшылық негізінен ауылдық жерлерде байқалады. Оның ішінде неонатолог, хирург, травматологқа сұраныс жоғары. Біз бір мезетте 10 дәрігерді қолына 8,5 млн теңге беріп, ауылдарға жібердік. Бұл - ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшері. Оның 7-і анестезиолог-реаниматолог болса, 1-і - травматолог ортопед, 2-і - кардиолог. Медицинаға енді бет бұрған әріптестеріміз үшін бұл - үлкен қолдау, - деді басқарма басшысы Олжас Ысқақов.
2023 жылдан бастап өңірге аса қажет медицина мамандықтарында оқитын 60 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалды. Ал жалпы медицина мамандығы бойынша мамандар даярлауға тағы 45 білім гранты бөлінді. Оларды кезегімен жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де қарастырылған.
- Бұл іс-шаралар 2-3 жыл көлемінде аймақты дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге, тар буынды мамандар тапшылығын мейлінше азайтуға мүмкіндік береді деп есептеймін, - деді басқарма басшысы.
Еске салсақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Қызылорда облысында 8 жаңа дәрігерлік амбулатория салынды.