Қызылорда облыстық мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау департаментінің басшысы ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 23 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысын ұстады. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті.
— Ол жер қойнауын пайдаланушылардан жүйелі түрде материалдық пайда алуға мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта осы адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) және 364-бабы 1-бөлігі (Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Қамауда ұстау бұлтартпау шарасы ретінде тағайындалды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге ақпараттары жария етуге жатпайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін аса ауыр қылмыс жасағаны үшін күдікті Әзербайжаннан экстрадицияланғанын жазған едік.