Қызылорда облысында Сыр өңірі тарихының екінші томы жарық көреді

Қызылорда облысында Сыр өңірі тарихы және Хорезм экспедициясы архив материалдарының екінші томы жарық көреді, деп хабарлайды Kazinform.

екінші том
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Ресейге барып қайтты. Онда Ресей ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының мұрағатында жұмыс істеді. Сондай-ақ мемлекеттік Шығыс халықтары музейінде ғылыми-зерттеумен айналысты. 

Ғалымдар Шығыс Арал маңының археологиялық мұраларын зерттеп, Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жаңа архивтік деректерін жүйелеу мақсатында жұмыс жүргізді. 

Сапар барысында «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, философия докторы Әзілхан Тәжекеев, орталық қызметкерлері – философия докторы Бағлан Шораев, докторант Ыслам Құрманиязов, жоба орындаушысы Рүстем Дәрменов жаңа деректермен танысты. 

«1946-1990 жылдары облыс аумағында КСРО Ғылым академиясы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Мұрағаттық материалдар қазіргі кезде Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтында сақтаулы. Жобаның негізгі мақсаты – институттағы Сыр өңірінің археологиясы мен тарихына қатысты ғылыми есептер, жәдігерлерді тауып, көшірмесін елімізге алып келу. Түгіскен қорымдары, Ұйғарақ обалары, Шірік-рабат археологиялық мәдениеті, Жетіасар ескерткіштеріне қатысты (далалық, аэросурет және есептер) ғылыми деректер негізінде жұмыстар жүзеге асырылды», – деді Әзілхан Тәжекеев. 

Айта кету керек, ғылыми іссапар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасы аясында іске асырылды. Алдағы уақытта осы деректер негізінде Сыр өңірі тарихы және Хорезм экспедициясы архив материалдарының ІІ томы жарық көрмек. 

Еске салайық, Қызылорда облысында Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер қоршалып, қорғауға алынатынын жазған болатынбыз.