Қызылорда облысында тексеруден кейін су тарифі төмендеді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында 2024 жылға арналған коммуналдық кәсіпорындардың тарифтік сметаларының орындалуына талдау жүргізіліп, бірқатар кәсіпорынның тарифтер құрамындағы көзделген кірісті толық көлемде мақсатты түрде пайдаланбағаны анықталды.
ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті осыған байланысты тұтынушыларға қаражатты қайтаруға және тарифтік саясаттың ашықтығын арттыруға бағытталған уақытша өтемдік тарифтерді бекітті.
— Оның ішінде облыс орталығында қызмет көрсететін «Қызылорда су жүйесі» коммуналдық кәсіпорнына қатысты түзету енгізілді. Су беру қызметі бойынша негізсіз алынған кіріс көлемі 49,3 млн теңге болды. Аталған кәсіпорын үшін 2026 жылғы 1 мамырдан 2027 жылғы 30 сәуірге дейінгі кезеңге өтемдік тариф бекітілді. Су беру тарифі (тарату желілері арқылы) ҚҚС-сыз текше метріне 107,73 теңгені құрап, қолданыстағы 110,62 теңгемен салыстырғанда 2,6%-ға төмендеді. 25%-ға дейін төмендеу дерегі Арал ауданының Сексеуіл кентінде қызмет көрсететін «Арал тазалығы» коммуналдық кәсіпорнында тіркелді. Талдау қорытындысы бойынша сарқынды су бұру қызметі бойынша 3,1 млн теңге көлемінде негізсіз кіріс анықталды. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 сәуірден 2027 жылғы 31 наурызға дейін уақытша өтемдік тариф енгізіледі. Жаңа тариф — ҚҚС-сыз текше метріне 220,17 теңге, бұл бұрынғы 293,42 теңгемен салыстырғанда 24,9%-ға төмен, — делінген хабарламада.
Бұған дейін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті талдау нәтижесінде табиғи монополиялар субъектілері бекіткен тарифтік сметаның орындалмау фактілерін анықтады.