Қызылорда облысында жыл басынан бері 200 өрт оқиғасы тіркелді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында жыл басынан бері 200 өрт оқиғасы болған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Тілсіз жаудан 3 адам көз жұмып, 9 адам жарақат алды.
– Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында және автокөлікте тіркелген. Бұған көбіне адамдардың немқұрайдылығы себеп болып отыр. Нақты айтқанда, қоқыс және шөп қалдықтарын өртеу кезінде оны бақылаусыз қалдырудан, автокөліктерге уақтылы күтім жасамаудан, тұрмыстық газ қондырғылары, электр жабдықтары мен газ баллондарының ақауынан, балалардың сіріңкемен ойнауынан пайда болған, - деді департаметтің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Асхат Оразбеков.
Биыл облыстың орман қорындағы 251,12 гектар аумағында 10 өрт оқиғасы тіркелді. Мобильді топ рейдтік іс-шара жүргізіп, әкімшілік құқық бұзған 35 тұлғаға айыппұл салды.
Бұған дейін біз 2025 жылдың 3 айында 2 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алғанын жазған едік.