Қызылорда облысындағы Арал шөгінді бассейнінен мұнайдың мол қоры табылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында мамандар мұнай қорын толықтыру және перспективалы учаскелерді анықтауға ден қойды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады.
Республикалық бюджет есебінен Арал шөгінді бассейнінде (Батыс және Шығыс учаскелерінде) геологиялық зерттеу жұмысы аяқталды. Нәтижесінде 1,1 млрд тонна көмірсутектің болжамды ресурсы анықталды. Энергетика министрлігі оны игеру бағытындағы іс-шараларды аукцион арқылы әлеуетті инвесторларға ұсынады.
— 2024 жылы Сырдария шөгінді бассейнін зерттеу басталды. Жұмыс 3 жылға жоспарланған, 2027 жылы аяқталады. Мердігер — «Азимут Геология» серіктестігі, жоба құны — 4,3 млрд теңге. Жалпы зерттеу жұмысының көлемі 3 100 шақырымға созылды, оның ішінде Қызылорда облысына тиесілі бөлігі —1 575 шақырым (Жаңақорған және Шиелі аудандары). «Саутс ойл» серіктестігі «Құмкөл» кен орнының Қарағансай учаскесінде дәстүрлі емес көмірсутекті, яғни тақтатас мұнайын игеруге кірісті, — деді басқарма басшысы Мөлдір Тәуіпбаева.
Іргелі іске Қытайдан мамандар тартылды. Олар жаңа өндіру әдісіне көшті. Жоба бойынша тәулігіне 70 немесе жылына 25 мың тонна мұнай өндірілуі қажет.
Еске салайық, жуырда ҚР Энергетика министрлігі Теңіз кен орнында өндірістік операциялардың қайта басталғанын хабарлады.