Қызылорда облысындағы су айдынына аққулар оралды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы су қоймаларына көктеммен бірге аққулар да ұшып келді.

аққу
Фото: Жаңақорған ауданының әкімдігі

Әлеуметтік желіде Жайылма ауылындағы гидротехникалық нысанда құстың төресі жүзіп жүрген сәт түсірілген бейнежазба кеңінен тарады. Көз сүйсіндірерлік көрініс аудан басшысы Мажит Самитов су қоймаларын аралап, олардың қазіргі ахуалы және көктемгі су тасқынына дайындығын пысықтау барысында объективке іліккен.

су қойма
Фото: Жаңақорған ауданының әкімдігі

Жиделі су қоймасы бұрыннан «аққулар мекені» деген атауға ие. Нысан 8,7 млн текше метр су жинай алады. Бөгеттің ұзындығы — 863 метр, ені — 7 метр. 

— Мұндай көрініске Жаманбай батыр ауылдық округіндегі Бесарық ауылының тұрғындары да куә бола алады. Елді мекенде үлкен су тоғаны бар. Ол жерге де наурыз айынан, яғни ауа райы жылынғаннан бастап аққулар келе бастайды. Бұл жылда қайталанады, — деді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бәкіров.

Қызылордадағы су қойма
Фото: Жаңақорған ауданының әкімдігі

Ауданда Сырдария өзенінің бойында және Қаратау бөктерінде орналасқан бірнеше маңызды су қоймасы мен көлдер жүйесі бар. Олар негізінен егін суаруға, көктемгі су тасқынын реттеуге және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге арналған.

Бұған дейін Ақтау қаласынан 10 шақырым қашықта орналасқан Қаракөл көлінде ақпан айында 200-ден астам аққу қыстап жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум