Қызылорда облысындағы жалғыз бүркітші немен айналысып жүр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Әбдіғаппар ауылында тұратын 25 жастағы Ғалымжан Өміртай ұлттық спорттың бірнеше түрін меңгерген. Кейіпкеріміз — жамбы атудан спорт шебері. Одан бөлек, атбегілік пен құсбегілікке жаны құмар.

а
Фото: Ғалымжан Өміртайдың жеке архивінен

Ғалымжан Өміртай жамбы ату, яғни ат үстінде садақ атумен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Бас жаттықтырушысы — өзінің әкесі, ұлттық спорт жанашыры Сламхан Боранбаев. 

— Спорттың бұл түрі аттың құлағында ойнайтын қазақ үшін аса қиын дей алмаймын. Өйткені ол біздің қанымызда бар. Жамбы атудың жылқыны тіземен және дене қимылымен басқару сияқты әдіс-тәсілі аз емес. Әр спортшының өзіне тән құпиясы да бар. Ат үстінде нысана көздеу ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сынап, намысын жаниды, — деді спортшы. 

а
Фото: Ғалымжан Өміртайдың жеке архивінен

Кейіпкеріміз 5 жыл қатарынан Қазақстан құрамасының сапында болған. Бүгінде Жаңақорған ауданындағы № 7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жамбы ату бөлімінде жаттықтырушы.

Шәкірттерінің алды дүбірлі додада топ жарып үлгерді. Ақәділ Пернебай — Қазақстан чемпионы, Моңғолияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ал Заңғар Асхан биыл Индонезияда өткен Әлем чемпионатында 3-орынға ие болды. 

а
Фото: Ғалымжан Өміртайдың жеке архивінен

Ғалымжан Өміртай додаға қосатын жануарды өзі баптайды. Олардың әрқайсысының жайын жақсы біледі.

— Бойтұмар есімді ең алғашқы сәйгүлігім көкпарда қорғаушы ролін атқарды. Атағы аймаққа ғана емес, республикаға кеңінен тарады. Қызылорданың «Қайсар» құрамасында 8 жыл өнер көрсетті. Тағы бір тұлпарымның жасы 12-де, 5 жасында сатып алғанмын. Өзі қызыл, бойы кіші және томпақ болғасын Помидор деп атадым. Теңге ілуден Азия кубогының чемпионы, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы. Шах есімді тұлпарымның жасы небәрі 4-те. Былтыр көшпенділер ойынында жамбы атудан чемпион атанды, — деді ол. 

п
Фото: Ғалымжан Өміртайдың жеке архивінен

Кейіпкеріміз құсбегілікке ден қойғалы шамамен 2 жыл. Қызылорданың ауа райы құс төресін өсіруге қолайсыз болғасын бекзада өнерге өзінен басқа ешкім беттемейтін көрінеді. 

— Жамбы атудан қол босай бермейді, бірақ бүркіт баптаудың өз қиындығы мен қызығы бар. Бір бүркіт күніне 500 грамм ет жейді. Жаттығу кезінде бұл көлемді азайтуға тура келеді. Олардың түзде жүрген кездегі жауынгерлік өнері туралы әңгіме көп. Мысалы, жемтігін ұстай алмағанда қатты намыстанады. Тіпті жасы үлкен кейбірі өзін өзі құздан тастап жібереді. Қанатын қағып, аман қалуға мүмкіндігі бола тұра дегенінен қайтпайды. Қыран құстың өз жарын қалай таңдайтыны туралы мәлімет тіпті қызық. Ұябасар бүркіт жасы жеткенде саңқылдап аспанда айналып ұшып жүреді. Шәулі бүркіттер айналасына жиналады. Ұябасар құс қолындағы бұтағын тастап жібереді. Қай бүркіт оны жерге түсе бергенде қағып алса, сонымен ұя басады, яғни ол өзінің тағдырын мықты бүркітке табыстайды, — деді бүркітші. 

а
Фото: Ғалымжан Өміртайдың жеке архивінен

Облыстағы жалғыз құсбегінің Мұзбалақ және Семсер есімді бүркіті бар.

Бұған дейін біз әлем таныған бүркітші Айшолпан Нұрғайып Түркістан облысында құсбегілік мұражайын ашқанын, жастарды атадан мирас болып келе жатқан бекзада өнерге баулитынын жазғанбыз.

п
Фото: Ғалымжан Өміртайдың жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар