Қызылорда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы ауысты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Мерократия қағидаты бойынша Қызылорда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшылығына Ринат Құдайбергенов тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ринат Мәжитұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.
Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің жетекші маманы, бас маманы, қаржы басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған.
Қазірге дейін Байқоңыр қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қызметінде болған.
Бұған дейін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы №661 ж/қ бұйрығымен полковник Мадияр Мырзагелдиев Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болып тағайындалғанын жазған едік.