Қызылорда полициясы соңғы қоңырау күні жұмысты күшейтті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін Қызылорда облысында 271 мемлекеттік мектепті 9 700-ден астам оқушы бітірді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары жұмысты күшейтті.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, соңғы қоңырау салтанатты шарасы барысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға 600-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды.
— Мектеп бітірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жастар көп шоғырланатын орындарда білім беру ұйымдарының директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары департамент және қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп қызмет атқарып жатыр, — делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары түлектер өміріндегі маңызды күндері жастарды кортежге шықпауға, жолдағы қозғалыс ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Қызылорда облысында биылғы оқу жылы 23 мамыр күні «Білімім — Отаныма» атты бірыңғай сынып сағатымен қорытындыланды.