Қызылорда-Жезқазған жолын салу барысында кемшіліктер анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Қызылорда облыстық филиалының өкілдері Қызылорда-Жезқазған жолының сапасын тексерді. Бұл туралы филиалдың баспасөз қызметі хабарлады.

40 жылда бірде-бір рет жөндеу көрмеген күре жолды қайта жаңғырту жұмысы қызу жүріп жатыр. Оның 204 шақырымы облыс территориясынан өтеді. Бүгінде соның 180 шақырымнан астам бөлігіне асфальт жабындысы салынды.

– Мамандар жыл басынан бері жол-құрылыс материалдарынан 201 сынама алып, оның 11-нен ақау тапты. Мердігерлерге кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныс беріліп, 10 олқылық қайтадан қалпына келтірілді. 1 ескерту бойынша кемшілікті түзету жұмысы әлі жалғасып жатыр, - деді филиал директоры Мақсат Мұқанов.

Жаңадан төселген жол жабындысынан алынған 8 сынама стандартқа сәйкес болмай шықты. Соның 4-і қайта асфальтталып, қалпына келтірілді. Мердігерлер енді басқа кемшіліктерді түзеуге күш салып жатыр.
– Автожолдың Қызылорда облысы аумағындағы құрылысы шарықтау шегіне жетті. Мамандар әр учаскені жіті бақылап, кем-кетігін ерте анықтап, оны дер кезінде қайта қалпына келтіруге ықпал етеді, - дейді Мақсат Мұқанов.

Қызылорда-Жеқазған жолының Қызылордадағы бөлігін биыл аяқтау жоспарланған. Ал Ұлытау бөлігіндегі жұмыс басталып кетті.
Жыл басында ҚР Көлік министрлігі «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысын аяқтау, жобаны қаржыландыру жұмыстарына қатысты түсінік берген еді.