Қызылордада 1400-ден аса жасөспірім құқық бұзғаны үшін ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында республика көлемінде «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Ердәулет Жаукеев
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Іс-шара басталғалы қызылордалық полицейлер 43,5 мыңға жуық пәтерді, 122,5 мыңнан астам жер үйді аралап, тексерді.

Жалға берілетін пәтер иелері арасында профилактикалық түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалау орнатылған, пробация есебіндегі адамдар мен қолайсыз отбасылардың өздері көрсеткен мекенжайда бар-жоғын қадағалады. 

— Ішкі істер органдарында тіркелген 10 мыңға жуық азаматтық қару иелерін тексердік. Нәтижесінде қаруды сақтау немесе тасымалдау ережелерін бұзудың 103 дерегі, азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзудың 59 дерегі анықталып, оларға қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Тіркеуде жоқ 64 аңшы қаруы, 7 газды тапанша, 1 ұңғысыз травматикалық тапанша және 1 иір ойықты қару тәркіленді, — деді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ердәулет Жаукеев.

Іс-шара барысында барлығы 45 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, заң бұзғандарға әкімшілік шара тағайындалды. 1400-ден астам кәмелетке толмаған құқық бұзғаны үшін ұсталып, оның 63-і бейімдеу орталығына жатқызылды. 

Айта кетейік, бұдан бұрын қызылордалық жүргізуші 20 жылда бірде-бір рет жол ережесін бұзбағаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар