Атырауда сот залындағы мүліктерді сындырған екі әйелге айыппұл салынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда екі әйел сот процесі кезінде залдағы монитор мен микрофондарды, есікті сындырған.

Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігімен М. және Н.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралды.
– Сотта сот процесі кезінде азамат М. сот отырысы залында тұрған компьютердің мониторы мен 3 микрофонды қолымен қағып сындырған. Дәл сол кезде тағы бір азамат Н. сот отырысы залының есігін аяғымен теуіп, сындырды. Сот залындағы мүліктер бүлінді. Құқық бұзушылардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарымен дәлелденді. Сот қаулыларымен құқық бұзушылар әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданылды, -деп хабарлады аталған соттан.
Алайда соттан құқық бұзушыларға салынған айыппұл мөлшерін нақтыламады.
Сот қаулылары заңды күшіне енді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда таныс қызды көлікке күштеп мінгізген жігітке айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.