Қызылордада 200-ге жуық әйел ақ жаулық пен кимешек шеруіне қатысты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы Анаға тағзым орталығы бүгін «Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін» облыстық этно-мәдени фестивалін ұйымдастырды. Мақсат – қазақ әйелінің ұлттық болмысын айшықтайтын ақ жаулық пен кимешектің тарихи, мәдени және тәрбиелік мәнін насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Тағылымды іс-шара «Сыр Ана» монументі алаңынан басталды. Алғашқы бөлімінде кимешектің сыртынан оралатын күндік баскиімін 21 метрлік ақ матамен орау дәстүрі көрсетілді. Тақырыптық көрініс арқылы ұлттық баскиімнің тарихи-мәдени мәні мен қазақ әйелдерінің өміріндегі орны таныстырылды.
Ал маңызды бөлігі ақ жаулықты аналар мен кимешекті әжелердің салтанатты шеруі болды. Ұлттық бірегейлік пен ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған шеру «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығынан басталып, Анаға тағзым орталығына дейін жалғасты. 200-ге жуық әйел қатысқан мерекелік шеруге әжелер ансамбльдері, білім және мәдениет саласының өкілдері, «Алтын алқа» иегерлері мен көпбалалы аналар, қоғам белсенділері, өнерпаздар қатысты.
Фестиваль Анаға тағзым орталығының алаңында қорытындыланды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Байсынова ақжаулықты аналардың қоғамдағы орнына, әже өнегесі мен ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ тағылымды шараны ұйымдастыруға үлес қосқан аналарға басқарма басшысының алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табыстады.
Фестиваль аясында көпшілік назарына кимешектің төрт үлгісі мен жаулықтың үш образы ұсынылған тақырыптық қойылым көрсетілді. Орталықтың қолөнер шеберлері дайындаған кимешектер кенепті шашақпен әрлеу, жабағы жүнмен жиектеу, тоқыма жіппен өрнектеу және ою-өрнексіз тігу ерекшеліктерімен таныстырылды.
Ал жаулық үлгілері әйелдің отбасылық өмір кезеңдері мен бала санына байланысты киіну үлгілерін көрсетті. Осы арқылы қазақ әйелінің ұлттық болмысы мен дәстүрлі киім мәдениетінің сан қырлы ерекшеліктері айшықталды.
Фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты.
Еске сала кетсек, жуырда Алматыда Жазира Жұмашева мен Асель Әбілқай есімді екі суретшінің туындыларын біріктірген «Ғасырлар жаңғырығы: киіз және кенеп» атты көрме ашылғанын жаздық.