Қызылордада 5 жылдан кейін су тарифі көтерілді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласы бойынша судың орташа тәуліктік өндірісі — 91,2 мың м³. Жазда бұл көрсеткіш тіпті артады. «Қызылорда су жүйесі» мекемесі сондықтан тұтынушыларды суды үнемдеп пайдалануға шақырып отыр.

Мекеменің мәліметінше, сұраныс артқан кезде 105-110 мың м³ су таратылады. Соңғы рекордты көрсеткіш 16 мамырда тіркелді — 105 836 м³. Бұған дейін ауызсудың ең жоғары деңгейде таратылу дерегі 2023 жылғы 31 шілдеде (108 700 м³), 2024 жылғы 21 маусымда (101 411 м³) тіркелген. Салыстырып айтсақ, 2024 жылдың мамыр айында тәулігіне 76 380 текше метр ауызсу берілген.
- Су тұтыну деңгейінің артуына қала тұрғындарының тіршілік нәрін көгалдандыру, бау-бақша суару, көлік жуу сияқты мақсатқа жұмсауы себеп. Қазіргі кезде ұңғымалар мен су алу құрылымдары максималды режимде жұмыс істеп тұр. Өздеріңіз білетіндей, Президент суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және суды нормативтен артық пайдаланғандарға жоғары тариф енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Осыған орай мекемеде ауызсумен қамтамасыз ету және сарқынды суды бұру қызметінің 2025-2030 жылдарға арналған дифференциалды тарифі бекітілді. Жаңа тариф мамыр айынан бастап қолданысқа енгізілді, - деді мекеме басшысы Жасұлан Абатов.
Өткен 5 жылда көрсетілген қызмет үшін орташа тариф мөлшері бір өзгерген жоқ. Суды тарату қызметінің төмен бағада болуы салдарынан кәсіпорын шығынға батқан. Сондықтан осы жылы тарифті өсіруге тура келді.
- Ауызсу тарифі халыққа осы уақытқа дейін 1 м³ 43,79 теңге болса, енді 69,42 теңгеге, яғни 58,5%-ға ұлғайды. Сарқынды судың тарифі халық үшін 1 м³ 46,16 теңге болса, биылдан бастап 67,39 теңге болып өзгерді, яғни 53,9%-ға өсті, - деді кәсіпорын директоры.
Ал бұған дейін біз Павлодар облысында прокуратура қабылдаған бақылау шараларының нәтижесінде 45 мың тұтынушы үшін су жеткізу тарифі төмендетілгенін жазғанбыз.