Қызылордада 7 бала терезеден құлап кеткен
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында жыл басынан бері балалар терезеден құлап кеткен 7 дерек тіркелді. Жазатайым оқиға салдарынан олар жарақат алған.

Қызылорда қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, бұған үлкендердің немқұрайлылығы басты себеп. Терезенің темірмен қоршалмауы, москитті тордың осал бекітілуі және балалардың терезе алдында ойнауы жағдайды күрделендіріп тұр.
- Сондықтан азаматтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Оның ішінде терезелерді ашық, баланы қараусыз қалдырмауды, тиісті қорғағышы жоқ москит торын пайдаланбауды сұраймыз. Терезеге бекіткіш (блокиратор немесе құлып) орнату керек. Терезенің маңына жиһаз қоймау қажет. Балалардың үйдегі қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-ана жауапты, - делінген хабарламада.
Жуырда біз күн жылына салысымен, сондай-ақ жазғы мектеп демалысы кезінде осындай оқиғалар саны артатынын жазған едік.