Қызылордада 8 жекеменшік балабақша жабылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 8 айда Қызылорда облысында мектепке дейінгі 97 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Оның 79-ы (82,3%) сынақтан өтпесе, 8 жекеменшік балабақша жабылды.

 Қызылордада 8 жекеменшік балабақша жабылды
Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мемлекеттік бақылау шараларының қорытындысын жариялады.

– Соған сәйкес біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін 1 мемлекеттік балабақша, 3 бастауыш мектеп жабылды. 9 балабақша реестрден шығарылды, 3 бастауыш мектептің лицензиясын қайтару бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін, тиімсіз, білім сапасы өте төмен білім беру ұйымдарын жабу нәтижесінде жергілікті атқарушы орган 1 жылда 1 млрд теңгеге дейін қаржы үнемдеді, - деді департамент басшысы Ғалия Дәулетова.

Қазан-қараша айларында өңірдегі 3 жеке мектепте мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, 1 мектептің талапқа сәйкестігі тексеріледі.

– Бүгінгі күні республика бойынша жекеменшік мектептердің 40%-ы жалға алынған ғимараттарда орналасқан. Мұны қауіпсіздік пен инфрақұрылым тұрғысынан тәуекел деп есептеуге болады. Министрлік лицензиялық талаптарға өзгеріс енгізіп, жалдамалы ғимараттарда мектеп ашуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Мемлекет сапалы білім беретін, білім саласында заңнама талаптарын сақтайтын және балалардың мүддесін басты орынға қоятын жеке мектептерді ғана қолдауды жалғастырады, - деді департамент басшысы.

Мемлекеттік аттестаттау аясында 48 мектептің 4-еуінде оқушылар кешенді тестілеудің шекті деңгейінен өте алған жоқ. Олар жыл соңында қайтадан сынақтан өтеді. Қызылорда қалалық және Қармақшы аудандық білім бөлімдерін тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды 1 қазанға дейін қалпына келтіруге уақыт берілді.

Бұған дейін облыстық білім басқармасы жоспарлы мониторинг қорытындысын жариялап, жеке балабақшалар мен мектептерге бақылау күшейтілетінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар