Қызылордада аптап ыстық қашан басылады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Синоптиктер Қызылорда облысында аптап ыстықтың беті қашан қайтатынын айтты.

Соңғы екі-үш күн бойы қызылордалықтардан маза қашты. Күн де ыстық, түн де ыстық.
— Иран аумағынан келген жылы ауа массасының әсерінен өңірде жоғары ауа температурасы байқалды. Облыс орталығы мен барлық ауданда ауа температурасы 40, 45ºС-ден асты. Аптап ыстық 17, 18 маусым күндері сақталды. Бүгін облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 46ºС-ге дейін көтерілді, — деді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы метеоболжау бөлімінің бастығы Әйгерім Жөкелова.

Мамандар бүгін есесіне аймақтың солтүстігі мен батысында елімізге салқын ауа массасының енуіне байланысты ауа температурасы аздап төмендейтінін айтты. Осылайша алдағы уақытта аптаптың басылатын түрі бар.
— 19, 20, 21 маусым күндері ыстықтың беті қайтады. Түнде 18-23 ºС, күндіз 30-35ºС-ге дейін төмендейді. Сонымен қатар облыс аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғуы мүмкін, — деді Әйгерім Жөкелова.

Алайда, маусым айының үшінші онкүндігінде ауа температурасы қайтадан көтеріледі. «Қазгидрометтің» мәліметінше, түнде 25-30ºС, күндіз 38-43ºС-ге дейін жоғарылайды. Жауын-шашын жылдағы мөлшерден аз түседі деген болжам бар.
Бұған дейін 18 маусымда Қызылорда облысының солтүстігінде, орталығында найзағай ойнап, шаңды дауыл тұратынын жазғанбыз.