Қызылордада арақ-шарап сатылмайтын ауылда бес жылдан бері қылмыс тіркелмеген
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында он шақты жылдан бері арақ сатылмайды. Ал соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Өзгент ауылдық округіне қарасты екі елді мекен бар. Өзгентте 170-тен астам отбасы түтін түтетіп отыр, жалпы тұрғындар саны мыңның үстінде. Ақсуат ауылында 600-ден астам тұрғын бар, бұл дегеніміз — 100-ге тарта отбасы.
– Өзгентте 3, Ақсуатта 1 дүкен бар. 10 жыл болды, ешбірінде ішімдік сатылмайды. Басында қиындықтар болды. Ауылдың ардагерлер ұйымы, қоғамдастық мүшелері, белсенді азаматтардың қолдауымен басталған іс нәтиже беріп, тұрғындар бір пәтуаға келді, – деді Өзгент ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Жақұдаев.
Екі ауылда да мешіт бар. Жастар бос уақытын шағын спорт алаңдарында, мектептердегі волейбол, күрес үйірмелерінде өткізеді. Арақ-шараптан бас тартқан ауылда бес жылдан бері қылмыс та тіркелмепті.
– Өзім осында туып-өстім. Ал полицияда 3 жылдан бері еңбек етіп келемін. Дүкендердің барлығы ішімдік атаулыны сөреден алып тастады. Бұл тәжірибе нәтижесіз емес. Ауылда тыныштық орнаған, – деді Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Бақберген Ерғашұлы.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аймақта арақ-шараптан бас тартқан 5 елді мекен бар. Олар – Арал ауданындағы Сазды, Шиелі ауданындағы Жиделіарық, Жаңақорған ауданындағы Манап, Қосүйеңкі және осы Өзгент ауылдары. Соның барлығында соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Ал жақында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха алкогольдік ішімдіктен толықтай бас тартқан ауылдардың санын жариялады.