Қызылордада ауыр атлетикадан республикалық турнир басталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін Қызылорда облысында ересектер арасында Қазақстанның Еңбек сіңірген көрнекті жаттықтырушысы, білікті бапкер Велорий Пак жүлдесіне арналған республикалық турнир басталды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Велорий Пак баулыған шәкірттер арасында Илья Ильин, Алмас Өтешов, Қуаныш Рахатов, Шин Олег, Роман Русиновский, Александр Зайчиков сынды ауыр атлетика алыптары бар. Одан бөлек 60-тан астам спорт шеберін, халықаралық дәрежедегі 12 спорт шеберін және Қазақстанға еңбек сіңірген 3 спорт шеберін дайындады.
– Көрнекті жаттықтырушының жүлдесіне арналған республикалық турнирде еліміздің әр өңірінен келген 10 команда, 100-ге жуық зілтемірші бақ сынамақ. Олар ерлер және әйелдер бөлінісі бойынша 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі, - делінген хабарламада.

Салтанатты іс-шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, құрметті жаттықтырушы Велорий Пак, облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Кенжебаев қатысты.
– Даңқты спортшыларды тәрбиелеген дара тұлғаның жүлдесіне арналған бүгінгі турнирдің маңызы ерекше. Себебі әр аймақтан жиналған мықты зілтеміршілер жарыс алаңында мүмкіндігін көрсетіп, жеңіске деген жігерін танытады. Осы орайда барлық спортшыға сәттілік, дүбірлі додада шын мықтының жеңіске жетуін тілеймін, - деді Мейрамбек Шермағанбет.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары құрметті жаттықтырушыға облыс әкімінің алғыс хатын табыстап, құрмет көрсетті. Велорий Пак турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жанкүйерлерге, спортшылар мен сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Зілтеміршілер арасындағы тартысты бәсеке биыл алғаш рет қолға алынып, оны жыл сайын халықаралық деңгейде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жарыс 13 тамызға дейін жалғасады, үздіктерге қомақты сыйақы мен арнайы медальдар табысталады.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық ауыр атлет Матвей Макрушин елордада өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс медальға ие болды.