Қызылордада айдың соңында күн суи бастайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Синоптиктер Қызылордада күз мезгілінің қалай өтетінін болжады. Болжамды «Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы жариялады.

Дождь Алматы Жаңбыр осень күз
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мамандардың айтуынша, өткен күзге қарағанда биыл күн райы 1, 2 °С-ге төмен болып тұр. 

— Қыркүйек айында орташа ауа температурасы +18, +20°С, яғни жылдағы мөлшер шамасында. Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз күтіліп отыр. Ал солтүстік батыс аудандарда, яғни Арал мен Қазалыда жауын көбірек түседі. Қыркүйектің екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде +7, +20°С, күндіз +20, +25°С-қа төмендейді. Дегенмен, үшінші онкүндікте қайтадан жоғарылайды. Күндіз +25, +28°С, түнде +10, +15°С-қа көтеріледі. Айдың соңына қарай күн суи бастайды. Топырақ бетіне үсік түсуі мүмкін, — деді «Қазгидромет» филиалы метеоболжау бөлімінің бастығы Әйгерім Жөкелова.

Қазан айында ауаның орташа температурасы өңірдің батыс жартысында қалыпты, шығыс бөлігінде нормадан 1° жоғары болмақ. Жауын-шашын да әдеттегіден артық-кем түспейді.

— Қараша айында орташа ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз, ал солтүстік батысында, яғни Арал ауданында қалыпты мөлшерді көрсетіп отыр. Қыстың алғашқы айы күн райының да, жауын-шашын мөлшерінің де жылдағыдан ауытқымайтынымен ерекшеленеді, — деді Әйгерім Жөкелова.

Айта кетейік, «Қазгидромет» 10 қыркүйекте ауа райына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жариялады.

Соңғы жаңалықтар