Қызылордада баланы ит талап тастай жаздады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласында кішкентай баланы ит талай жаздаған бейнежазба тарады.

Онда жағдайдың кеше кешкілік облыс орталығындағы ботаникалық бақта болғаны көрсетілген. «Иесімен жүрген ит екен, иесі қашып кетіпті» делінген жазбада.
Видеодан баланы қараусыз жүрген иттің қапқаны, сол кезде егде жастағы кісінің қорғап қалғанын байқауға болады.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
— Аталған жарияланым бойынша қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Ит иесі анықталған жағдайда үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 407-2 бабының 1-бөлігі 4-тармағы бойынша әкімшілік шара қолданылады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Instagram әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласындағы үйлердің бірінің ауласында 20-дан астам ит пен мысықтың өлі күйінде табылғаны туралы бейнежазба тараған еді.