Қызылордада бір жарым ғасырлық Құран кітабы сақтаулы тұр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қорында 1 мыңнан астам сирек кездесетін кітап және қолжазба бар.

кітап
Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Соның ішіндегі ең көне әрі ең құнды жәдігер — 1293 һижра жылы араб тілінде жазылған Құран-Кәрім кітабы. Бұл — қазіргі жыл санауымыз бойынша 1876 жыл.

Кітап Мысыр қаласындағы «Фарухи» баспасында елді Осман сұлтан басқарған тұста басылған. 

— Кітаптың сырты терімен қапталып, аяттары шөп бояумен боялған. Құран-Кәрім — ислам дінінің негізгі кітабы екені белгілі. Мұсылмандар оның Мұхаммед пайғамбарға иқатты баян ету үшін түсірілгеніне, адамзатқа одан үзілместен жеткен Аллаһтың сөзі екеніне сеніп, иман келтіреді. Оны оқу арқылы Аллаға құлшылық қылады. Құран — Тәурат пен Інжілден кейінгі араб тіліндегі кітаптардың ішіндегі шешендік тұрғысынан ең бай кітап. Құран 114 сүреден, 6 236 аяттан тұрады, — дейді кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова. 

Кітапханашының айтуынша, ең ежелгі жәдігерлер қатарында одан бөлек Қазы Фаткуллмад, Қазы Абдулкарим, Шархуакия Халидің 1303 һижра жылы шыққан «Діни философиялық түсіндірме сөздігі», 1306 һижра жылы шыққан араб тіліндегі «Намаздың келу тарихы: намаз тәртіптері» кітабы және тағы басқа құнды еңбектер бар. 

а
Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Енді «бұлар қалай, қашан қолға тиді?» деген сұрақ туындайды. 

2003 жылы тарихи жазба мұраларды анықтау мақсатында Ұлттық кітапхана, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы мен кітапханасы бірге «Ұлы Жібек жолының кітапханалары» атты ғылыми экспедиция ұйымдастырған болатын. 

Экспедиция мүшелері өңірдегі 32 кітапханада болып, 400-ге жуық кітап және қолжазбаны тауып, зерттеген.

— Табылған кітаптардың кейбірі зираттардан табылғандықтан көгерген, беттерін тұз басқан, кеміргіштер жеген, бас-аяғы жоқ. Сондықтан олар кәсіби тұрғыда қайта қалпына келтірілді. Қорымыз сыйлыққа берілген, жеке адамдардан сатып алынған, айырбастау немесе басқа да жолдармен толықты. Оның ішінде шығыс қолжазбалары, парсы, араб, ескі славян тіліндегі алғашқы басылымдар, еуропалық әдебиеттер, автордың қолтаңбасы қойылған, өте шағын көлемді кітаптар, Қызылорда қаласы алғашқы астана болған кезде шыққан әдебиеттер бар, — дейді Гүлдерайым Қосназарова.

а
Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда Қазақ АКСР-нің астанасы болған уақытта Сыр бойындағы бас шаһарда көптеген ақпарат құралы шоғырланды.

Атап айтқанда, республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Советская степь» (қазіргі «Казахстанская правда»), «Ауыл» газеттері мен «Әйел теңдігі», «Денсаулық жолы», «Жаңа әдебиет», «Жаңа мектеп» журналдары жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар