Қызылордада бірнеше эпизодты алаяқтық әшкереленді

  ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Профилактикалық жұмыс нәтижесінде Қызылорда облысында жыл басынан бері интернет алаяқтығы 6,5%-ға төмендеді.

әлеуметтік желідегі алаяқтық
Фото: Polisia.kz

Облыстық полиция департаменті қылмысты ашу көрсеткіші 32,4%-ға артқанын, яғни 43,8%-дан 76,2%-ға жеткенін алға тартып отыр.

- Жергілікті тұрғынның қаражатын заңсыз иемденген алаяққа қатысты сондай қылмыстық істердің бірі сотта қаралды. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сенімге кіріп, оның ақшасын алдап алған. Жәбірленуші TikTok әлеуметтік желісінде төмен бағамен кілем сату жөніндегі тікелей эфирді көріп, тауарға тапсырыс береді. Көрсетілген есепшотқа 50 мың теңге аударған. Алайда тауар жеткізілмеген. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр кешені полиция басқармасы қызметкерлерінің бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Байқоңыр қаласының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында оның осыған ұқсас төрт эпизодқа қатысы бар екені анықталды, - делінген хабарламада.

Қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Биыл 5 наурызда Қызылорда қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бүгін ғана Ішкі істер министрлігі Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі тіркеліп жатқанын мәлімдеп, ел тұрғындарын сақтыққа шақырды.

Соңғы жаңалықтар