Қызылордада бұрынғы полицей бекіре өсіріп жүр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында өткен ғасырдың 60-жылдары жойылып кеткен бекіре қайтадан өсіріле бастады.

бекіре
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Шаруашылық Қызылорда қаласының Талсуат ауылында орналасқан. Оны «Хан Бекіре 11» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің иесі Ғалымжан Нағиев басқарып отыр. Өзі құқық қорғау органында талай жыл еңбек етіп, подполковник шенімен отставкіге шыққан. Балық шаруашылығымен жеті жыл бұрын айналыса бастаған. Алғашқыда Сыр өңіріне тән сазан, дөңмаңдай, амур балықтарын өсіріпті. Бекіре шаруашылығына ден қойғалы небәрі екі жыл. 

- Біздің өңірде бекіре 1964 жылы ресми түрде жойылған екен. Соны зерттей келе бұрын Арал теңізінде, Қамбаш көлінде болған балық түрін неге қайтадан өсірмеске деген ой келді. Алдымен оны Сырдарияның суында өсіруге бола ма, жоқ па, оның құрамындағы химиялық қоспаларға шыдай ма, жоқ па, соны байқап көру керек болды. Әзірге нәтиже жаман емес, - деді кәсіпкер. 

бекіре
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Оның айтуынша, жасанды жолмен балық өсірудің артықшылығы жетерлік. Табиғи жолмен 1 млн уылдырықтың 1%-ы ғана өсіп шығады екен. Қалғаны өледі, жем болады. Ал арнайы аппараттың көмегімен 50%-дан 80, кейде 90%-ға дейінгі аралықта шығаруға болады. Шаруашылық нысанында осы күні 5 мыңдай шабақ бар. Табиғи газ, су, электр жарығы жеткенімен бассейн тарлық етіп тұр. Бұдан балықтың өсу қарқыны төмендейді. Кооператив иесі «Amanat» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына қатысу үшін құжат өткізген. Мемлекеттен жеңілдетілген шартпен несие алса, жоғын түгендегісі келеді. 

Кейіпкеріміз бассейндегі балықтар алдағы жылдары-ақ салмақ жинап, халық тұтынатын өнімге айналатынына сенімді. Айтуынша, бекіренің және уылдырығының қымбат болуы тегін емес. Нарықта балықтың келісі 10 мың теңгеден сатылып жатыр. 

бекіре
Фото: Нұрболат Нұржаубай

– Бекіренің денесі құрт, микроб қабылдамайды. Керісінше адам ағзасына пайдалы дәруменге бай. Сондықтан ең таза балық болып есептеледі. Мұнда басқа балықтардағы сияқты тікен болмайды, тек шеміршек бар. Сүбе ет есебінде жүреді. Бекіре – балықтардың ішіндегі әлсізі. Салмағы 5 грамнан асқасын ғана иммунитеті жоғарылай бастайды Ауырған жағдайда қарап, тексеріп, емдейміз. Бассейнде өсіргеннің тиімділігі, немен қоректенетіні, денсаулық жағдайы көз алдымызда, - деді Ғалымжан Нағиев. 

бекіре
Фото: Kazinform

Балық аулау және оны қорғау, балық қорын молайту жұмысы жөнінде бұған дейін Kazinform тілшісіне ихтиолог, балық өсіру саласының сарапшысы Мейрамбек Пазылбеков сұхбат берген еді.

Соңғы жаңалықтар