Қызылордада бюджетке және ұйымдарға 116,3 млн теңге қайтарылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 9 айда Қызылорда облысында 53 аудиторлық іс-шара жүргізілсе, соның 88,7 пайызында қаржылық бағыттағы заң талабы бұзылғаны анықталды.
Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, 52 нұсқама бойынша білім, құрылыс, денсаулық сақтау және тағы басқа салалардың жауапты өкілдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал әкімшілік құқық бұзған аудит объектілерінің 112 лауазымды өкіліне әкімшілік хаттама толтырылды.

— Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарында 127,1 млн теңгенің тәуекелі расталды. Нәтижесінде бюджетке және ұйымдарға 116,3 млн теңге қайтарылып, бюджет қаражатының негізсіз пайдаланылуына жол берілген жоқ, - деді департамент басшысы Ербол Күзембаев.
Мемлекеттік сатып алу бағытындағы камералдық бақылау нәтижесінде конкурстық құжаттамада әлеуетті өнім берушілерге артық талаптар белгілеу, мемлекеттік және халықаралық стандарттарды техникалық ерекшелікте көрсетпеу, лоттарға бөлмеу бойынша барлығы 34 млрд 784 млн теңгеге хабарлама жолданып, заңбұзушылыққа тосқауыл қойылды.
Бұған дейін Қызылордада 427 млн теңгенің медициналық ұйымдарға негізсіз аударылғаны белгілі болған.