Қызылордада есірткі қылмысына қатысты 22 адам ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 5 айда Қызылорда облысында есірткіге қатысты қылмыс саны 11%-ға (93-тен 101-ге) көбейген. Бұл туралы облыстық прокуратурадан хабарлады. 

Қызылордада есірткі қылмысына қатысты 22 адам ұсталды
Фото: ҚР ІІМ

Мамандар қылмыскерлердің трансформацияланып, есірткі мен психотроптық заттарды өткізудің жаңа әдісіне көшкенін айтып отыр. Олар да интернетті есірткі сататын негізгі алаңға айналдырып алған.

— Героиннің орнын синтетикалық есірткілер басты. Олардың құрамдас бөліктері еркін саудада. Химиялық компоненттер мен прекурсорлардың заңды айналымын бақылау үшін тиімді құралдарды енгізу қажет. Қазіргі таңда заңсыз айналымды шектейтін жаңадан заң нормалары әзірленіп жатыр, — деді облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев.

Биыл есірткіні жарнамалауға қатысты тіркелген істер бойынша 436 есепшоттағы 64 млн теңге бұғатталды. Марихуананың голландиялық түрін өсірумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.

— Тергеу барысында 3 есірткі алқабы жойылып, салмағы 1,5 тоннадан астам есірткі заты алынды. Қылмыстық топтың 22 белсенді мүшесі қамауға алынды. Қылмыстық істі қазір сот қарап жатыр, — деді Нұрболат Дүйсенбаев.

Ал жуырда Қызылорда облыстық прокуратурасы жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету заңдылығына талдау жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтаған болатын.

Соңғы жаңалықтар