Қызылордада есірткі өсірген 32 адам құрықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 1 маусымда елімізде есірткі қылмысының жолын кесуге бағытталған «Қарасора - 2025» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Ол 31 қазанға дейін жалғасады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іс-шара аясында өңір аумағында осы бағытта құқық бұзудың 70 дерегі анықталды.
– Атап айтқанда, 41 дерек есірткі өсіру, 6 дерек есірткі өткізу, 10 дерек аса ірі мөлшерде ескірткі сақтау бойынша, ал 22 дерек – есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтар. Заңсыз айналымнан 898 килограмм 684 грамм есірткі заты алынды. Оның ішінде 5 килограмнан астам марихуана, 8 килограм 794 грам көкнәр өсімдігі, 2 килограмм 301 грам синтетикалық есірткі тәркіленді, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар есірткі өсірумен айналысқан 32 адам құрықталып, оның 13-і қамауға алынды.
Жуырда хабарлағанымыздай, «Есірткісіз болашақ» жобасы аясында Жамбыл облысында 2025 жылдың өзінде 4 500 гектардан астам аумақта 2 581 тонна жабайы қарасора жойылды.