Қызылордада физика-математика мектеп-интернаты салынып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығында салынып жатқан құрылыс нысандарында болды.

мектеп құрылысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Оның ішінде Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелі, орталық стадион, тарихи-мәдени мұра орталығы, физика-математика мектеп-интернаты мен музыкалық колледж бар. Біз айтқан өткел қаланың арғы беті мен орталығын жақындата түседі.

Нұрлыбек
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қазіргі таңда айналма жолдар салынып, инженерлік желілердің орнын ауыстыру, құрылысқа қажетті жер учаскелерінде демонтаж жұмыстары жүріп жатыр.

Аймақ басшысы сол жағалаудағы стадионның құрылысын көрді. Бүгінде оның шығыс және батыс трибуналарының металл конструкциялары монтаждалды. Қабырғасы мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Ғимараттың сыртқы қабырғасы, ішкі инженерлік желілерін жүргізу аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру басталады.

стадион құрылысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының былтыр ғана іргесі қаланған болатын. Құрылысы биыл аяқталуы тиіс. 

Сондай-ақ осыған дейін хабарланғандай, Қызылорда облысындағы ғасырдан астам тарихы бар вокзал жөнделеді.

Соңғы жаңалықтар