Қызылордада инватакси қызметіне қатысты шағым көп

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 34 мыңнан асады. Алайда, олар үшін кедергісіз орта толық құрылып, қалыптасты дей алмаймыз.  Әсіресе, жүріп-тұруы мұң жандар инватакси жетіспеушілігін жиі алға тартады. Солардың бірі – туабітті сал ауруына шалдыққан І топ мүгедегі – Зәуре Өксімбаева. 

инватакси
Фото: Алматы мәслихаты

Кейіпкеріміз арнайы көлік оқитын, жұмыс істейтін тағдырластарынан ауыспайтынын айтты. 

– Инватакси қызметін күнделікті қолдана алмаймыз. Қажет кезде шақырғанмен, келіп үлгермейді. Кешкі сағат алтыдан кейін мәдени іс-шараларға, концерттерге апармайды. Теміржол, әуежайдан адам шығарып салатын немесе күтіп алатын болсақ, екі-үш күн бұрын өтініш білдіреміз. Қандай да бір мекемеге немесе басқа жерге баратын болсақ та солай, - дейді ол. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірде 45 автокөлік инватакси қызметін жүзеге асырды. 

– Оның 26-сы аудандарда, 3-і Байқоңыр қаласында, 16-сы Қызылорда қаласында жүр. 45 инватаксидің 11-і кресло-арбамен жүретін адамдарға арналған. Көліктер қызметін қамтамасыз етуге бюджеттен барлығы 145,3 млн теңге бөлініп, жыл көлемінде 2 мыңға жуық адам инватакси қызметін пайдаланды. Биыл 51 көлік қызметіне 211,6 млн теңге бөлінді, - деді басқарманың бөлім басшысы Гүлшат Әбдіхалықова. 

Қызылорда қаласының тұрғыны Назерке Қадірова ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отыр. Сондықтан инватаксидің бала демей, үлкен демей бірдей берілгенін әрі жеткілікті болғанын қалайды. 

– Балаларым үшін сұрап көрген емеспін. Бірақ үнемі осындай жандардың мәселесіне араласып жүргесін білемін. Арнайы көлікті І, ІІ топ мүгедектеріне ғана береді. Әйтсе де бәрі бірдей пайдалана алмайды. Инватаксиге мініп көрмегендер қаншама?! Керісінше одан түспей базар аралап, азық-түлік алып жүретіндер бар. Бұлай болмайды, - деді кейіпкеріміз.

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы өкілі Берікбол Байқожаев былтыр инватакси қызметі 207 мың реттен көп пайдаланылғанын жеткізді. Алайда тапшылық жөнінде арызданған ешкім болмапты. 

Жастайынан мүгедектер арбасына таңылған Күлпаш Күншығарова өз басында мұндай мәселе болмағанын тілге тиек етті. 

– Инватаксиге такси таппағанда, қысылтаяң кезде тапсырыс беремін. Барынша тауып беруге тырысады, - деді І топ мүгедегі. 

«Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы ұйымға шағымданғандар барын жасырмады.

– Инватакси категорияға бөлінеді. Біз тірек-қимыл аппараты бұзылған ересектер мен балаларды тасимыз. Автокөліктер арасында істен шыққаны жоқ. Алайда қолда бардың басым бөлігі зауыттан талай жыл бұрын шыққан. Көбі жөндеуді, кейбірі күрделі жөндеуді қажет етеді. Шағым түссе, мәселенің неден туындағанын дер кезінде анықтап, жұмыс жүргіземіз. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың ұсыныс-тілектері ескерусіз қалмайды, - деді ол.

Облыста инватакси жұмысын осы қоғамдық бірлестік ұйымдастырады. 

Аймақ басшысының ұсынысына сәйкес өткен жылы «Халық банк» АҚ «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қалаларына екі инватакси көлігін сыйға тартты. 

– Сонда да тапшылықтың тыйылмау себебі мүгедектігі бар балалар санының көбеюімен байланысты болып отыр. Ата-аналар оларды оңалту, түзету орталықтарына апарады. Үлкендер жағы әлеуметтік орындарға, емхана, ауруханаға қатынайды. Инватаксилер босамайды. Сенбі мен жексенбіде, мереке күндері кезекпен шығады, - деді Сағатбек Қуанышбайұлы. 

Мән беретін тағы бір жәйт, мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси тек өзінің тұрғылықты жерінде қызмет көрсетеді. Егер ол басқа өңірге барса, ондай қызметтен қағылады. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет назарына ұсынған болатын. Бірақ әлі түйіні тарқатылған жоқ. 

– Мүгедектігі бар адамдарға сервистік қызмет көрсету проблемасы бар. Мысалы, әрбір өңірден, ауыл-аймақтан күн сайын Астанаға, Алматыға не басқа қалаға курорттық, медициналық оңалту, сауықтыру, емделу үшін мүгедектігі бар адамдар ағылып жатады. Олар ұшақпен ұшып келеді. Қалада оларды арнайы көлік күтіп алмайды. Жергілікті инватакси қалада тұрақты тұрмайтын, өзге өңірдің тұрғыны саналатын қазақстандықтарға қызмет көрсетпейді, – деді депутат.

Еске салсақ, былтыр елімізде мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметіне 179 мыңнан астам тапсырыс берді.

Соңғы жаңалықтар