Қызылордада иісшіл иттердің көмегімен 139 қылмыс ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Қызылорда облысында қызметтік іздестіру иттері 139 қылмыстың ашылуына септігін тигізген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Есірткі қылмысына қарсы жедел іс-шаралар нәтижесінде 68 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Иісшіл иттердің көмегімен ұрлық-қарлық және тағы басқа 33 қылмысты ашу мүмкін болды.
— Одорологиялық зерттеулерге 28 рет қатыстырылып, 14 дәлелді іріктеу нәтижесі тіркелді. Жарылғыш заттарды іздеу бағытында 73 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жарылғыш заттар анықталған жоқ. Сонымен қатар 1 маусым мен 30 қазан аралығында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында бүгінге дейін қызметтік иттердің көмегімен есірткіге қатысты 15 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. 92,98 грамм марихуана мен 4,87 грамм гашиш айналымнан алынды, — делінген хабарламада.
Департаменттің кинология қызметі орталығында 19 қызметтік іздестіру иті бар. Кинолог мамандар түгел Ішкі істер министрлігінің кинология орталығында курстан өткен.
Бұған дейін біз Қаржылық мониторинг агенттігінің Кинология орталығы «Сенім» медициналық-әлеуметтік орталығының балаларына арнап канистерапия сабағын өткізгенін хабарлағанбыз.