Қызылордада қатерлі ісік «жасарып» барады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында қатерлі ісікке шалдыққан 5 мыңдай адам есепте тұр.

Қызылордада қатерлі ісік «жасарып» барады
Фото: Қызылорда облыстық онкология орталығы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов аурудың «жасарып» бара жатқанын айтып дабыл қақты. 

— Науқастардың жас шамасы — орташа есеппен 40-45 аралығында. Аурудың «жасару» тенденциясы байқалады. Профилактикалық жұмыстарға, оның ішінде онкология орталығына тексеру аппараттарын сатып алуға республикалық бюджеттен 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұрын онкоскрининг тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында сақтандырылған азаматтар үшін тегін болып келді. Бұдан былай мұндай тексеруден «сақтандырылған» мәртебесі бар-жоғына қарамастан барлығы бірдей өте алады, — деді ол.

Өңірімізде обырды диагностикалауды жаңа деңгейге көтеру және орталықты озық технологиямен қамтамасыз ету мүмкіндігі туып тұр. 

— Ота жасалған, химия, сәуле терапияларынан өткен науқастар динамикада 3, 6 ай және 1 жылда түсіп тұрады. Сол үшін ірі мегаполистер — Алматы мен Астанаға баруға мәжбүр болатын. Енді Қызылорда қаласында ПЭТ/КТ-орталықтары орнатылып, жергілікті тұрғындар әуре-сарсаңға түспейді. Бұл жұмысты аяқтауды алдағы қаңтар айына туралап отырмыз, — деді басқарма басшысы.

Бұған дейін біз Қызылорда облысында тұмау мен жедел респираторлы вирустың қарқыны бәсеңдегенін хабарладық

Соңғы жаңалықтар