Қызылордада кене шаққан 11 адам дәрігер көмегіне жүгінді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 9 сәуірде Қызылордада кенеге қарсы залалсыздандыру шарасы басталады.

Бұл — аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы тиімді шаралардың бірі. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен қолайсыз аумақтар екі кезең бойынша залалсыздандырылады. Өткен жылы өңірде мұндай елді мекендер саны 115 болса, биыл 111-ге азайды. Жұмыс әуелі оңтүстік аймақтар — Шиелі, Жаңақорған аудандарында жүргізіледі.
— Қора-аула тазалығын қатаң сақтау керегін тұрғындар назарына саламыз. Себебі ауру тасымалдаушы иксодты кенелер қи-көңнің астында қорексіз жылдап тіршілік ете береді. Аналық кенелер үшін қора мен аула — жұмыртқа тастауға өте қолайлы орын, — деді Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Жыл басынан бері облыста 11 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген.
Ал жуырда Түркістан облысында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды.